Қазығұрт: Ауыл жолдарының сапасы – тұрақты бақылауда

 

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен Сарапхана ауылдық округіндегі Майлыошақ елді мекеніне барып, Келешек, Тұран, Шырбанов және Парасат көшелерінде жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Келешек көшесінің ұзындығы 3 шақырым болса, оның бүгінде 2,7 шақырымына асфальт төселген. Ал Шырбанов көшесінде 2,87 шақырымның 1,54 шақырымына асфальт салынды. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

Аудан басшысы мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын талап етті. Сонымен қатар, жол салу барысында пайдаланылатын материал сапасы, техника қауіпсіздігі мен экологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін ескертті.

Ауыл ішілік жолдарды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.