Қазығұртта балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынды

Қазығұрт ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов төрағалық етті.
Кеңеске аудан прокуроры Сәбит Жансұлтан, полиция бөлімінің өкілдері, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары мен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Басқосуда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жазғы демалысты қауіпсіз ұйымдастыру және балалардың бос уақытын тиімді өткізу мәселелері талқыланды.
Комиссия мүшелері өз салалары бойынша ұсыныстарын ортаға салып, балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын ұсынды.
Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл – балалардың амандығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болмақ.





