AI көмегімен жасалған «Түркістан сақшылары» мультфильмі «Тұмар-2025» жүлдесін иеленді

AI көмегімен жасалған «Түркістан сақшылары» мультфильмі «Тұмар-2025» жүлдесін иеленді
— деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
«Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық байқауында «Түркістан сақшылары» атты анимациялық жоба «Ең үздік балалар тележобасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл – Turkistan телеарнасы үшін беделді байқаудағы екінші жеңіс. Бұған дейін, 2022 жылы арна «Үздік аймақтық телеарна» номинациясын жеңіп алған болатын.
Айта кетерлігі, жоба отандық телевизия тарихында алғашқы рет жасанды интеллекттің көмегімен дайындалған анимациялық фильм саналады. Жобаның авторы – арнаның ІТ маманы Ғасыр Құралбайұлы. Мультфильмнің негізгі идеясы – ұлттық болмысты заманауи тәсілмен насихаттау.
Сюжет желісінде Түркістанды Ақпантер, Алтынқанат және Тасбатыр ата есімді жануар кейіпіндегі кейіпкерлер қорғайды. Жоба арқылы жас көрерменге отансүйгіштік, табиғатты аялау, рухани тазалық сынды құндылықтар сіңіріледі.
Бұл туынды Turkistan телеарнасының креативті командасы мен заманауи технологияның нәтижесінде жүзеге асқан және балаларға арналған қазақтілді контент сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.





