Түркістан облысының бюджетіне 114,3 млрд теңге түсіп, жоспар 114,7%-ға орындалды

Түркістан облысының бюджетіне 114,3 млрд теңге түсіп, жоспар 114,7%-ға орындалды
2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Түркістан облысының жергілікті бюджетіне 114,3 млрд теңге салық және өзге де түсімдер түсті. Бұл – жоспардың 114,7%-ға орындалғанын білдіреді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды.
Жиын барысында Қозбеков аудан, қала әкімдері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджет қаражатын уақытылы әрі тиімді игеруді, түсім көздерін толық қамтуды тапсырды. Оның айтуынша, бюджетті игермей қалуға жол бермеу үшін заң аясында нақты шаралар қабылдануы тиіс.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биылғы 5 айда өңірдің қысқа мерзімді экономикалық өсімі 120,4%-ды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 593 млрд теңгеге жетіп, 14,8%-ға артты. Бұл өсім өңдеу және тау-кен салаларының есебінен қамтамасыз етілген.
Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың мәліметінше, жергілікті бюджеттің өзіндік кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өскен.
Әкімдік мәліметінше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы облыс басшысының тұрақты бақылауында.





