Түлкібаста мал азығының құнарлы әрі суды аз қажет ететін жаңа түрі сыналмақ

Түлкібаста мал азығының құнарлы әрі суды аз қажет ететін жаңа түрі сыналмақ

Құрғақшылыққа төзімді, жылына төрт ретке дейін өнім беретін «Сорго» өсімдігі Түлкібас ауданында мал азығының жаңа баламасы ретінде сыналуда. Бұл тары тұқымдас дақыл мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бұл бастаманы «Борсық сай» шаруа қожалығының басшысы Данияр Мылтықбаев қолға алған. Кәсіпкер шетелден арнайы алдырған тұқымды мамыр айында 3 гектар жерге сынақ ретінде егіп, қазір алғашқы өнімін жинауға дайындалып жатыр.

Жаңашыл шаруаның егіс алқабына аудан әкімі Асқар Естібаев пен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ұлас Әлімбаев арнайы барып, кәсіпкердің ісіне оң бағасын берді. Аудан басшысы алғашқы өнімді жергілікті сүт фермаларына таратып, олардың бағасын алуды, егер сұраныс болса, өндірісті ұлғайтуды ұсынды.

Данияр Мылтықбаев келесі жылы «Сорго» егістігін 15 гектарға дейін жеткізіп, тамшылатып суару технологиясын енгізуді жоспарлауда. Биіктігі 6 метрге дейін жететін бұл өсімдіктің мал азығынан бөлек, тамақ өнеркәсібінде де қолданылуы оның экономикалық тиімділігін арттыра түседі.