Түлкібас ауданының ірі елді мекендерінің дамуы халықтың пікірімен санаса отырып жоспарланады

Түлкібас ауданының ірі елді мекендерінің дамуы халықтың пікірімен санаса отырып жоспарланады
Түлкібас, Састөбе кенттері мен Балықты ауылының болашақ келбеті жергілікті тұрғындар мен олар сайлаған депутаттардың ұсыныстары негізінде қалыптасуы тиіс. Бұл туралы аудан әкімі Асқар Естібаев осы елді мекендердің бас жоспарын талқылауға арналған жиында мәлімдеді.
Әкімнің төрағалығымен өткен басқосуда халық саны 5 мыңнан асатын аталған үш елді мекеннің бас жоспарларын нақтылау және жаңарту мәселесі қаралды. Жиынға жобалаушы мекеме өкілдері, жауапты басшылар мен мамандар қатысты.
Талқылау барысында тұрғын үй құрылысы, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар салу және көлік инфрақұрылымын дамыту сияқты маңызды бағыттарға баса назар аударылды. Басты мақсат – инфрақұрылымды халықтың сұранысына сай тиімді жоспарлау.
Аудан басшысы бас жоспарды ауылдың «ата заңы» деп атап, оны тағы да бір рет мұқият пысықтап шығуды тапсырды. Айта кетейік, Түлкібас ауданындағы 59 елді мекеннің төртеуінде халық саны 5 мыңнан асады және олардың дамуына бірінші кезекте көңіл бөлінуде.





