ОРДАБАСЫДА ӨНЕР МЕКТЕБІ ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШЕДІ

Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында орналасқан Өнер мектебі жақында жаңа ғимаратқа қоныстанады. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес заңсыз иемделген активтерді мемлекет меншігіне қайтару нәтижесінде жүзеге асып жатқан нақты жобалардың бірі.
1974 жылы салынған ескі ғимаратта жұмыс істеп келген мектеп 200 балаға лайықталғанымен, қазіргі таңда 409 оқушы білім алуда. Санитарлық, техникалық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін нысан соңғы жылдары ата-аналар мен педагогтардың алаңдаушылығын тудырып келген.
Мектеп директоры Айгүл Абуталипованың айтуынша, оқу ордасында 12 түрлі өнер пәні оқытылады. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары 42 педагог жұмыс істейді.
– Тозығы жеткен ғимаратта жұмыс істеуге тура келді. Соған қарамастан, өнерге құштар 5 ауылдың баласы біздің мектепке қатынап келіп жүр. Жаңа ғимарат – көптен күткен қуаныш, – деді ол.
Қазіргі уақытта 300 орынға арналған жаңа ғимараттың құрылысы басталып кеткен. Жоба заманауи музыка және хореография залдарын, сондай-ақ Еуропадан әкелінетін техникалық жабдықтарды қамтитын болады.





