Сайрам ауданында экологиялық бастамаға мыңнан астам тұрғын үн қосты

Түркістан облысының Сайрам ауданында табиғатты қорғауға бағытталған кең көлемді сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясындағы бұл шараға аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер және жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Аудан әкімі Арман Сабитов пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш сенбілікке алғашқылардың бірі болып қатысып, елді мекендерді күл-қоқыстан тазартуға атсалысты. Жиналған қауым саябақтар мен көшелерді ретке келтіріп, жасыл желектерді күтіп-баптап, тазалық мәдениетін насихаттады.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, мұндай шаралар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Сенбілік аясында бірнеше елді мекенде санитарлық тазарту, ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Азаматтардың жоғары белсенділігі аудан халқының табиғатты аялауға бейілділігін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бір күндік шара емес, жүйелі түрде жалғасатын экологиялық қозғалыстың бір бөлігі.





