Түркістанда жаңа туған сәбилерге домбыра сыйланды

Түркістанда жаңа туған сәбилерге домбыра сыйланды
Түркістанда Ұлттық домбыра күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ерекше мазмұндағы игі шара өтті. Облыстық перинаталдық орталықта жарық дүние есігін енді ғана ашқан сәбилерге ҚХА логотипі бейнеленген кішкентай домбыралар табысталды.
Ині мен қызының қолына ұлттық мұраны аманаттаған бұл бастаманы облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырды. Шараға қоғамдық даму басқармасы мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Олар аналар мен медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, нәрестелерге арналған арнаулы құттықтау хатын табыстады.
Хатта жаңа туған сәбилерге жүрекжарды тілектер айтылып, олардың өмір жолына жарқын бағыт-бағдар тілегі жазылған. Онда: «Домбыра үнінен рух алып, Ұлы Дала перзенті ретінде биік белестерге жет» деген ізгі ниет білдірілген.
Жиын барысында этномәдени бірлестік өкілдері де сөз алып, балалардың болашағына ақ жол тіледі. Жаңа босанған аналар мұндай тәрбиелік маңызы зор бастамаға риза болып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Бұл шара — ұлттық болмысты ұлықтаудың, ұрпақ бойына рухани құндылықтарды дарытудың бір көрінісі болды.





