Түркістанда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті

Түркістанда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті
Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – дастан» атты мерекелік кеш өтті. Домбыра үнімен өрілген рухани шарада елге танымал күйшілер мен өнер ұжымдары сахна төрінен көрінді.
Кешті Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып, домбыраның қазақ руханиятындағы орны мен маңызына тоқталды. Ол ұлттық өнерді ұлықтап жүрген домбырашылар мен өнерпаздарға алғыс білдіріп, мұндай шаралардың жас буынды тәрбиелеудегі рөлін атап өтті.
Сахнада «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдерімен қатар түрлі үйірмелердің шәкірттері ұлттық күйлерді нақышына келтіре орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Кештің шарықтау сәті – домбырашылар арасындағы күй тартыс болды. Сонымен қатар, «Фараб» және «Самғау» би ансамбльдері дәстүрлі билермен көрермен көңілін көтерді.
Мерекелік шараның финалында барлық қатысушылар халықпен бірге Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, залды ерекше рухқа бөледі.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан облысында бірнеше ірі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Тұран даласының күйлері» байқауы, «Үкілі домбыра» фестивалі және республикалық деңгейдегі «Күй құдіреті» сайысы бар. Облыс көлемінде 100-ге жуық мәдени-көпшілік шара өткізілді.





