Ордабасыда ирандықтар қазақы кілем тоқу өндірісін іске қоспақ

Ордабасыда ирандықтар қазақы кілем тоқу өндірісін іске қоспақ
Түркістан облысының Ордабасы ауданында ирандық инвесторлар қазақы нақыштағы кілем тоқу және мал жүнін өңдеу жобасын қолға алуға ниет білдірді. Бұл туралы аудан әкімдігі мәлімдеді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев пен Иран Ислам Республикасынан келген «Талифа» ЖШС өкілдері кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесу барысында ауданның инвестициялық әлеуеті таныстырылып, нақты жобалар талқыланды.
Инвесторлар жоба үшін 1 гектар жер сұрап отыр. Сонымен бірге, 50 гектар аумақта жүзім шаруашылығын дамыту жоспарға енгізілген. Қажымұқан және Қарақұм ауыл округтерінен қажетті жер телімдерін бөлу мәселесі қаралып жатыр. Құжаттарды рәсімдеумен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айналысады.
Жоба жүзеге асса, аудан өнеркәсібінде өңделген жүн мен қазақы кілем секілді жаңа өнім түрлері өндіріле бастайды. Бұл өндіріс қана емес, жұмыс орындары мен ауыл экономикасы үшін де маңызды серпін береді.





