Қазығұртта егін орағы басталды: бидайдан мол өнім күтілуде

Қазығұртта егін орағы басталды: бидайдан мол өнім күтілуде

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында биылғы астық ору науқаны ресми түрде басталды. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қ.Әбдәлиев ауыл округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативінің егістік алқабында болып, жиын-терім жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта комбайндар егістіктен өнімді жинап, қамбаға жеткізуде. «Үшбастау» кооперативі әр гектардан 25 центнер астық алуды жоспарлап отыр.

Жалпы Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығына арналған 275,3 мың гектар жер бар. Оның ішінде 100,9 мың гектар егістік, 133,6 мың гектар жайылым, 30,9 мың гектар шабындық, 13,5 мың гектар суармалы жерлер.

Биыл 100,9 мың гектар егістік алқаптың 94 мың гектары игерілді. Оның ішінде 43,9 мың гектарға бидай, 6,4 мың гектарға арпа, 8025 гектарға мақсары, 33,6 мың гектарға жоңышқа, жүгері, көкөніс және бақша өнімдері егілген.

Көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан 5448 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, шаруалар толық қамтылды. Сонымен қатар «Ырыс» микроқаржылық ұйымы арқылы 30 шаруа қожалығы 364 миллион теңге көлемінде 5 пайыздық несиемен қолдау алды.