Кентауда инженерлік инфрақұрылым жүйелері жаңартылуда

Кентау қаласында соңғы жылдары инфрақұрылым саласында ауқымды өзгерістер байқалады. Қала билігі мен жауапты мердігерлер инженерлік желілерді жаңғырту мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында нақты қадамдарға көшкен. Әсіресе, газ және жылу жүйелерін қайта құру бойынша жұмыстардың қарқыны күшейіп отыр.

Бүгінде Кентауға қарасты Хантағы ауылында табиғи газ тарту жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Ауылға көгілдір отын жеткізуге арналған 12,3 шақырымдық магистралды газ құбырының 6,8 шақырымы қазірдің өзінде тартылып үлгерген. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Бұл тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, сонымен қатар қала аумағындағы Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақты газбен қамту ісінде шешуші рөл атқарады.

«Бүгінде Хантағыдағы құрылыс алаңында бірнеше техника мен білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Құбыр тарту, дәнекерлеу, жер қазу жұмыстары қауіпсіздік талаптарына сай атқарылуда. Құрылыс кестеден кешікпей келеді», – дейді мердігер ұйым өкілі.

Газдандырумен қатар, Кентау қаласының жылу жүйесін жаңғырту жобасы да кезең-кезеңімен іске асуда. Қазіргі таңда 14,5 шақырымды құрайтын магистралды жылу желілерін қайта құру жобасының аясында 1 шақырымдық ескі құбыр толық алынып, орнына жаңасы орнатылуда. Ал ішкі орам жылу желілерінің екінші кезеңі бойынша 44,2 шақырымдық желінің 9 шақырымы бұзылып, 13 шақырымына құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді.

Бұл шаралар ұзақ жылдар бойы тозып, апаттық жағдайға жеткен инженерлік желілерді толық жаңартуға бағытталған. Қаланың кейбір шағынаудандарында жылу маусымы кезінде жиі ақаулар орын алатын. Енді бұл мәселе жүйелі шешімін табады деп күтілуде.

Сала мамандарының айтуынша, жылу және газ жүйелеріндегі бұл өзгерістер тұрғындардың тұрмыс жағдайына оң әсер етеді. Ең бастысы — жылу мен газды үздіксіз жеткізу арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау.

Жергілікті тұрғындар да құрылыс қарқынын оң бағалап отыр. «Былтыр қыс мезгілінде жылу нашар болды, құбырлар жиі жарылатын. Қазір жұмысшылар тынымсыз еңбек етіп жатқанын көріп жүрміз. Енді биыл қыс жылырақ болады деп сенеміз», – дейді қала тұрғыны Зәуре Әбдіразақова.

Кентау қаласының әкімдігі бұл жобалардың толық аяқталуымен қаладағы инфрақұрылым сапасы жаңа деңгейге көтерілетінін мәлімдеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл жоспарланған жұмыстар толығымен орындалса, келесі кезеңде сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңарту қолға алынбақ.

Инженерлік жүйелер – қаланың күретамыры. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар Кентаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Ал тұрғындар үшін – бұл қауіпсіз әрі жайлы өмірдің кепілі.