Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовқа шұғыл ота жасалып жатыр

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылдан кейін шенеунікке шұғыл түрде ота жасалып жатыр. Бұл туралы оның партияласы Бейбіт Әлібеков Telegram-арнасында хабарлады.

«Достар, әріптестер. Руслан Берденов тірі, ота жасалып жатыр. Оған үш рет оқ атылған. Екі оқ ішке енгенімен, өмірлік маңызды ағзаларына зақым келмеген», – деп жазды Әлібеков.

Қазіргі уақытта күдікті қолға түсті. Оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталып кеткен.

Айта кетейік, Руслан Берденов биыл ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Оның кандидатурасы Мемлекет басшысының Әкімшілігі тарапынан мақұлданған. Бұған дейін Берденов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.