Сайрамда заңсыз электронды темекі өндірген екі адам сотталды

Түркістан облысы, Сайрам ауданында жасырын түрде электронды темекі өндірген цех әшкереленді. Құзырлы органдар жүргізген тексеру барысында бұл істің артында тұрған екі азамат ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу дерегінше, сотталушылар 9 ай бойы рұқсатсыз өндіріс ұйымдастырып, заңсыз өнімді саудаға шығарған. Осы уақыт аралығында олар шамамен 38 миллион теңге табыс тапқан. Жиналған ақшаның бір бөлігіне айыпталушылардың бірі көлік сатып алуға үлгерген.
Сот отырысында екі азамат та кінәсін толық мойындап, әрекеттеріне өкінетінін жеткізді. Сайрам аудандық соты оларға заңға сәйкес жаза тағайындады. Айыппұл салынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Электронды темекінің заңсыз айналымы қоғам денсаулығына да, мемлекет қазынасына да айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан құзырлы органдар мұндай істерге тосқауыл қоюды жалғастыратынын мәлімдеді.





