Тарих пен табиғатты құрметтеген жастар: Түркістанда «Таза Қазақстан» аясында тазалық акциясы өтті

Tүркістан қаласында 300-ден астам жас белсенді, еріктілер мен қала тұрғындары «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында тарихи-мәдени және киелі орындардың маңайында ауқымды тазалық жұмыстарын атқарды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи мұраларды сақтау және оларды құрметтеуге үндеу мақсатында ұйымдастырылған шара қоғам назарын киелі жерлердің маңыздылығына аударды.

Қатысушылар тарихи нысандардың айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, көгалдандыру жұмыстарына белсене араласты. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді. Сонымен бірге табиғаттың тынысын кеңейту үшін 50-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.

Бұл игі бастама Түркістанның экологиялық ахуалын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жастардың табиғат пен тарихқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Тазалық пен тәртіп – ұлттық құндылықтарымыздың айнасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеген жастардың бұл әрекеті көпке үлгі болмақ.