Түркістан облысында бес жаңа индустриалды аймақ ашылды

Түркістан облысында өндірісті өркендету бағытында ауқымды қадамдар жасалуда. Өңірде бүгінде жалпы саны 14 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағытқа айрықша назар аударып, жаңа өндіріс орындарын ашуды басты мақсат ретінде белгілеген.
2025 жылы облыс аумағында көлемі 744 гектарды құрайтын 5 жаңа индустриалды аймақ құрылды. Атап айтқанда:
- «Жетісай» – 59 га,
- «Отырар» – 85 га,
- «Арыс» – 30 га,
- «Қарамұрт» – 523,9 га,
- «Шардара-2» – 46,1 га.
Аталған аймақтарда жалпы сомасы 129 млрд теңгені құрайтын 84 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 17 жоба биыл іске қосылып, 49,7 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
Сонымен қатар, Төлеби ауданында жаңа аймақ ашу, Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы екі аймақты кеңейту жұмыстары жалғасуда. Сауран ауданында қолға алынған «Шағын өнеркәсіптік парк» аясында 152 өндірістік ғимарат салынып, 308 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бұл бастама 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады. Қазірдің өзінде 11 жоба іске қосылып, 790 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жыл соңына дейін тағы 29 ғимарат пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 26 жаңа жоба іске қосылып, 2000-нан астам жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта 37 жоба бойынша 136,8 млрд теңге инвестиция игеріледі.
Сонымен бірге Қытайдың жетекші компаниясымен келісім жасалып, ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Жоба құны – 5 млн АҚШ доллары, айына 600 дрон өндіруге қауқарлы.
Сондай-ақ «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) компаниясы аумақта тоңазытқыш шығаратын зауыттың құрылысын аяқтап, іске қосты. Жобаның жалпы құны – 60 млн еуро, жылдық қуаттылығы – 140 мың дана.
«Шағын өнеркәсіптік парк» үлгісінің тиімділігі ескеріліп, бұл бастама Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында енгізілуде. Сәуірде Ордабасыда «Бадам» өндірістік паркі құрылысын бастады. Сондай-ақ, Сауран ауданындағы бірнеше ауылда жергілікті кәсіпкерлер 22 өндірістік нысанның құрылысын қолға алған.