Түркістанда жаңа Салық кодексі талқыланды

 

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру болды.

Басқосуға Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Барлығы шамамен 200-ге жуық адам жиналды.

Жиында салық саясатын жетілдіру, бизнесті қолдау және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салық жүйесін жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кедергілер азайтылып, жаңа іс бастаған азаматтарға қолдау көрсетіледі.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа кодекстің негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту, салық түрлерін 20%-ға азайту, жеңілдіктерді оңтайландыру, дифференциалды ставкаларды енгізу, инвестицияны ынталандыру және сән-салтанат заттарына салынатын салықты арттыру мәселелері қарастырылғанын жеткізді.

Жиын барысында кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Вице-министр бизнес өкілдерінің ұсыныстары назарға алынатынын айтып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы жалғасатынын атап өтті.

Авторы: Бердалы Ораз