Түркістан облысында Жібек жолы елді мекенінде ауыз су нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

 

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жоба аясында елді мекенді Р-1 каналынан тартылатын магистральды суағар жүйесіне қосу жоспарланған. Бұл бастама ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен толық қамтуға мүмкіндік беріп, өңірдегі су тапшылығын шешуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық қадам саналады.

Құрылыс жұмыстарын ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен «FS Development Group» ЖШС атқарып жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда құбыр тарту жұмыстары толығымен аяқталып, Р-1 магистралдық жүйесіне қосу ісі жүргізілуде. Сонымен бірге су қоймасы мен қорғау пункті салынып, қажетті резервуарлар орнатылған.

Әкімдік мәліметінше, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы орындалды. Жоба толық аяқталғанда Жібек жолы елді мекенінің тұрғындары үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.