Түркістан облысында жылыту маусымы басталды

Түркістан облысында жылыту маусымы ресми түрде басталды. Аудан-қалаларда қазандықтар қажеттілікке қарай кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.

Түлкібас ауданында жылу 10 қазаннан бері берілсе, Төлеби, Қазығұрт, Созақ, Сайрам және Бәйдібек аудандарында 15 қазаннан бастап қосылды. Қалған өңірлерде жылу жүйесі 1 қарашаға дейін толық қосылады деп жоспарланып отыр.

Жалпы облыс аумағында тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге жауапты 7 кәсіпорын бар. Олардың құрамына 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2 мыңнан астам автономды қазандық кіреді. Барлық нысандар жаңа маусымға дайындықтан өткізілді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуі аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің жеке бақылауында. Әкім барлық аудан-қала басшыларына әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтуды қатаң тапсырды.

Айта кетейік, жылу маусымы орташа тәуліктік ауа температурасы бес күн қатарынан +8°C-тан төмендегенде басталады. Бұл норма еліміздегі барлық аймақтарға ортақ талап болып саналады.