ТҮРКІСТАНДА ЖҮК КӨЛІКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ӨЛШЕУ СТАНЦИЯЛАРЫ КӨБЕЙЕДІ

Түркістан облысында ауыр жүк тасымалдаушылардың салмақ нормасын сақтауы үшін 7 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылады. Қазіргі таңда Арыс қаласы маңындағы екі нысан жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы екі станция іске қосылады. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылдың өзінде 1 045 құқықбұзушылық анықталып, 524 млн теңге айыппұл салынған. Оның 125 млн теңгеден астамы өндірілді. Жақында ауыр жүк көліктері жүргізушілерімен кездесу өтіп, көлік иелерін толғандырған сұрақтарға жауап берілді.

“Жүк көліктерінің белгіленген салмақтан артық жүк артпай жүруі – жол сапасын сақтаудың басты кепілі”, – деді Қ.Жұматаев.

Ал “Түркістан бойынша көліктік бақылау инспекциясы” мекемесінің басшысы Ербол Ахметовтің айтуынша, бір осьтік көліктерге – 10 тоннаға дейін, екі осьтікке – 18 тоннаға, үш осьтікке – 20 тоннаға, ал тіркемелі көліктерге – 50 тоннаға дейін жүк тасуға рұқсат етіледі. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынады.

Автор: Бердалы Ораз