ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев кезекті жеке қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарының өтініш-шағымдарын тыңдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 22 адамның 20-сы қатысып, өз талап-тілектерін жеткізді.

Кездесуде Сарыағаш, Отырар, Жетісай, Төлеби аудандары мен Түркістан және Шымкент қалаларынан келген азаматтар білім беру, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді. Оның ішінде жалақыны ала алмау, мектеп формасы мен ыстық тамақ жайы, білім мекемесінің атауын өзгерту, ауыз су тапшылығы және әлеуметтік көмек алу сынды түйткілдер сөз болды. Сонымен бірге, психологтарға арналған арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасалды.

Облыс әкімінің орынбасары әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында жауап берді. Сала басшылары мен жауапты мамандарға мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды. Кейбір сұрақтар қабылдау барысында-ақ оң шешімін тапты.

Жыл басынан бері облыс деңгейінде мұндай қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да тұрғындармен ашық диалог жалғасатын болады.

Автор: Бердалы Ораз