Қазығұртта қоғамдық тұрақтылықты сақтау тетіктері талқыланды

Қазығұрт ауданында облыстық прокуратура өкілдерінің қатысуымен маңызды жиын өтті. Оған мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының мамандары және аудан әкімдігінің басшылығы қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстап тұру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастар арасында орын алатын келеңсіз әрекеттерге тосқауыл қою.
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов өз сөзінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты соңғы уақытта бопсалау мен қорқыту деректерінің жиілегенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттерге дер кезінде құқықтық баға берілмесе, қоғамда сенімсіздік күшейіп, тұрақтылыққа нұқсан келуі мүмкін.
– Әрбір мемлекеттік орган азаматтардың құқығын қорғауға және ел ішіндегі тыныштықты сақтауға міндетті. Заңға қайшы қадамдарға бейжай қарау – қоғам үшін қауіпті. Сондықтан әрбір оқиғаға әділ баға берілуі тиіс, – деді ол жиын барысында.
Кездесуде сондай-ақ жастар арасындағы әлімжеттік пен зорлық-зомбылық мәселесі қозғалды. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бағытында жасалып жатқан шаралар да қаралды.
Дәулет Тлемисов билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге және арандатушылық әрекеттердің алдын алуға баса назар аудару қажеттігін ескертті. Оның пікірінше, елдің дамуы ең алдымен тұрақтылыққа байланысты.
– Мемлекеттік қызметке жүктелген міндет – ел игілігі үшін адал еңбек ету. Тек сонда ғана халықтың сенімі артып, қоғамның даму қарқыны бәсеңдемейді, – деді облыс прокурорының орынбасары.
Автор: Бердалы Ораз





