ОТЫРАРДА СЕНБІЛІККЕ 2000-ға ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы Түркістан өңірінде өз жалғасын табуда. Осы аясында Отырар ауданында кезекті жалпы халықтық сенбілік өтті.
Ауқымды шара барысында аудан тұрғындары көше бойларын, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартса, елді мекендерді көгалдандыру бағытында жол жиектеріне және саябақтарға күздік тал көшеттері отырғызылды.
Сенбілікке аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Шайырбек Айжарықов, еңбек ардагерлері Көлбай Жалғасбай мен Нығмет Есенбаев, «Шуақты аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалдан Байжұман және әжелер алқасының мүшесі, ардагер ұстаз Мәрия Белгібай арнайы қатысып, «Арыс жағалауы» саябағында көпшілікпен бірге ағаш көшеттерін екті.
Жалпы сенбілік барысында 300-ге жуық тал егілді. Тазалық жұмыстарына 2000-ға жуық тұрғын атсалысты. Сондай-ақ, 20 арнайы техниканың көмегімен 29 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылып, арнайы полигонға жеткізілді.
Іс-шара кезінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауылдарды көгалдандырудың маңызына тоқталып, әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, туған жерді жасыл желекке айналдыруға үлес қосуы керектігін атап өтті.
Айта кетейік, биыл Отырар ауданында сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып, жыл соңына дейін жалғасатын болады.





