КӨКСАРАЙ: АУЫЛ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН ЖАНАШЫРЛАР

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Көксарай ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өткізіп, елді мекеннің даму барысын талқылады. Әкім ауылдағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, елді мекеннің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Ауылдың абыройын асқақтатып жүрген белгілі кәсіпкер, ауданның құрметті азаматы Оразхан Кенжеғұлұлының қолдауымен бірқатар игі бастамалар жүзеге асуда. Оның демеушілігімен ауыл орталығында «Құтты мекен – Көксарай» атты заманауи саябақ пайдалануға берілсе, ұзындығы 24 метр автотұрақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ кәсіпкер есебінен 200 орынға арналған балабақшаның құрылысы басталып, бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық бюджет есебінен де бірнеше көше жөнделіп, ауылдың келбеті жаңаруда. Мәселен, Қазыбек би көшесіне (790 м) және Алатау батыр көшесіне (1500 м) асфальт төселді. Жыл соңына дейін Көктем көшесін (1040 м) жөндеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, К.Арынов көшесіне (1100 м) аяқжол төселіп, жарық шамдары орнатылды. Ал жергілікті қаржы есебінен Ынтымақ (485 м), Алатау батыр (120 м) көшелерінде және Шәуілдір–Аққұм тасжолының (270 м) бойында жарықтандыру жұмыстары атқарылды.

Көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл көктемде ауылға 2000 түп қарағаш көшеті егілді. Сонымен қатар ауылдың тазалығын сақтау үшін жаңа МТЗ-920 тракторы тіркемесімен бірге алынып, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға шығару жүйелі жолға қойылды.

Жиын соңында тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Әкім әрбір мәселеге тоқталып, шешімін табуды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Көксарай ауылындағы игі бастамалар ауыл азаматтарының ынтымақ-бірлігінің, туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісіне айналып отыр.