НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен талап-тілектерін мұқият тыңдады. Қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Мақтаарал аудандарынан келген тұрғындар қатысты. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік көмек, тұрғын үй сапасы, инфрақұрылым және жер қатынастарына байланысты болды.
Кентау қаласының тұрғыны мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті орталық салу қажеттігін айтып, ғимараттарға пандус орнату және мемлекеттік қолдау алу жайын көтерді. Әкім бұл ұсыныстың өзектілігін атап өтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта құру – биліктің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Жауапты тұлғаларға аталған бастаманы жан-жақты зерделеп, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Түркістандық кәсіпкер коммуналдық балабақшаны сенімгерлік басқаруға беруді сұраса, тағы бір тұрғын жекеменшік балабақшаға қаржылай қолдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің ақаулықтарын жою, Мақтаарал ауданындағы кеден бекеті маңындағы заңсыз құрылыстарды ретке келтіру, газ тарту, жұмысқа орналасу және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Әкім әрбір мәселені жеке қарастырып, тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Кейбір өтініштер сол жерде шешімін тапса, күрделі проблемалар бақылауға алынып, заң аясында шешу жолдары қарастырылатын болды.
Нұралхан Көшеров тұрғындардың әрбір ұсынысы мен шағымы назардан тыс қалмайтынын қадап айтты. Оның айтуынша, билік пен халық арасындағы сенім үздіксіз диалог пен ашықтық арқылы нығаяды.
Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізеді. Тұрғындар egov.kz порталы, Е-otinish жүйесі немесе «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы қабылдауға жазыла алады.





