Шымкент пен Түркістан облысында электр энергиясының бағасы төмендеді

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары үшін электр энергиясының тарифі 10 пайызға арзандады. Бұл – халықтың әлеуметтік жүктемесін азайтуға және энергияның қолжетімділігін арттыруға бағытталған шешім.
Тарифтің төмендеуіне ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаменті мен «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС арасындағы бірлескен келісім негіз болды. Компания мен реттеуші органның өзара іс-қимылы нәтижесінде тариф құрылымын оңтайландыру мен өндірістік шығындарды азайту шаралары жүзеге асырылған.
Жаңартылған тарифтер мынадай:
– Орташа босату бағасы – 24,0464 теңге/кВт·сағ (бұрын 25,3120 теңге);
– Электр плиталарын пайдаланушылар үшін – 22,9488 теңге/кВт·сағ (бұрын 24,1584 теңге);
– Электр плиталарын пайдаланбайтындар үшін – 21,8848 теңге/кВт·сағ (бұрын 23,0384 теңге);
– Екінші деңгей – 28,8512 теңге/кВт·сағ (бұрын 30,3744 теңге);
– Үшінші деңгей – 36,0752 теңге/кВт·сағ (бұрын 37,9680 теңге).
«Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы тариф саясатын қалыптастыруда ашықтық принципін ұстанатынын және әлеуметтік жауапкершілікті басты назарда ұстайтынын мәлімдеді. Кәсіпорын өңір халқын тұрақты әрі сапалы энергиямен қамтамасыз ету, сондай-ақ электр желілерін жаңғырту жобаларын кезең-кезеңімен іске асырып келеді.
Бұл өзгеріс Түркістан өңірінің экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және энергия ресурстарын тиімді пайдалануға ықпал етуі күтіледі.





