TURKISTAN MARATHON – 2025: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ РЕКОРД

Түркістан қаласы тағы бір спорттық рекордтың мекеніне айналды. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған дәстүрлі Turkistan Marathon – 2025 биыл шетелдік қатысушылар саны бойынша жаңа межені бағындырды. Жарысқа 20 елден келген 400-ге жуық желаяқ қатысып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Жалпы марафонға 3 мыңнан астам адам жиналды.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл ауқымды шара түркі әлемінің рухани орталығы саналатын қала көшелерін нағыз спорт алаңына айналдырды. Биылғы марафонға 365 шетелдік спортшы қатысты – бұл барлық қатысушылардың 12 пайызынан астамын құрайды.
Жарысқа қатысушылардың басым бөлігі – қазақстандықтар (2094 адам). Ең жасы үлкен желаяқ – 91 жастағы Салиха Зигангерова. Ол Щучинск қаласынан келіп, өз табандылығымен өзгелерге үлгі болды.
Көршілес елдерден де қатысу белсенділігі жоғары болды: Қырғызстаннан – 147, Өзбекстаннан – 109, Ресейден – 72 адам келді. Сондай-ақ марафонға Азия мен Тынық мұхиты аймағынан, Еуропадан, Солтүстік және Латын Америкасынан, Африка және Таяу Шығыстан да спортшылар қатысты.
Қатысушылар 42,2 км, 21,1 км, 10 км, скандинавиялық жүріс және 3 км балалар жарысы бойынша бақ сынады. Барлық нәтижелер World Athletics және AIMS ұйымдарының сертификаттарымен халықаралық деңгейде мойындалды.
Биыл жарыс жолында үш бірдей жаңа рекорд тіркелді. Андрей Петров марафонды 2 сағат 16 минут 58 секундта жүгіріп өтті. Әйелдер арасында Екатерина Тунгускова – 2 сағат 40 минут 45 секунд, ал Алишер Ахматалиев 10 шақырымда 30 минут 31 секунд нәтижемен мәреге жетті.
Айта кетерлігі, биылғы Turkistan Marathon түркі мемлекеттерінің ұзақ қашықтықтағы жүгіру сериясы — Turkic Alliance of Long Runs (TAN) құрамына енді. Альянстың 35 спортшысы Түркістанда жүгіріп, түркі әлеміндегі спорттық байланыстарды нығайтты.
«TAN – түркі халықтарының ынтымағы мен ортақ рухын бейнелейтін жоба. Бұл марафон тек спорт емес, мәдениеттердің тоғысу алаңы. Түркістан осылайша халықаралық спорт орталығы ретінде беделін күшейтті», — деді қор қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.





