ТҮРКІСТАН – АЗИЯНЫҢ ЕСУ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ

 

Түркістан тағы бір тарихи оқиғаға куә болмақ. 2026 жылдың маусым айында бұл қалада алғаш рет байдарка және каноэда есуден жастар арасындағы Азия чемпионаты және параканоэден VI Азия чемпионаты өтеді. Мұндай шешім 26 қазанда Тайландта өткен Азия конфедерациясының (ACC) конгресінде қабылданды.

Азия елдерінің федерация басшылары бірауыздан дауыс беріп, чемпионатты Қазақстанда өткізу жөнінде қолдау білдірді. Бұл – елімізде байдарка және каноэ спорты бойынша осындай ауқымдағы халықаралық жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылмақ деген сөз.

Келер жылы Түркістанға Азия құрлығындағы 30 мемлекеттен 500-ге жуық үздік спортшы жиналады деп жоспарлануда. Олардың қатарында есу спортының бірнеше дүркін чемпиондары мен параканоэ шеберлері де бар. Бұл дода жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, елдің халықаралық беделін нығайтуға үлес қосады.

Айта кету керек, Түркістандағы заманауи ескек есу кешені биыл ғана пайдалануға берілді. Ол халықаралық стандарттарға толық сай келетін жалғыз нысан болып саналады. Су арнасы мен инфрақұрылымы әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді.

Орталық Азияда баламасы жоқ бұл кешеннің ашылуы өңір спортына серпін беріп, Түркістанды халықаралық жарыстардың тұрақты орталығына айналдырмақ. Енді қалада тұрақты түрде Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, чемпионат еліміздегі спорт туризмін дамытуға, сондай-ақ өңірдің халықаралық имиджін көтеруге үлкен мүмкіндік болмақ.