САУРАН АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті апталық аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін негізгі бағыттар сараланып, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттер талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Сауран Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мақсат Жарменов мекеменің қаржылық жағдайы мен берешек қарыздарды азайту бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ол тұрғындарға сапалы ауызсу жеткізуді қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыру бағытындағы жоспарлармен бөлісті.
Келесі кезекте «Мансап» орталығының басшысы Нұрлыбек Қарабаев 2025 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысын ұсынып, аудандағы жұмыспен қамту көрсеткіштері мен кәсіби даярлау бағдарламаларының жүзеге асу барысын баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері ондаған азамат тұрақты жұмысқа орналастырылып, жастар арасындағы еңбек белсенділігі артқан.
Сонымен қатар, аудан әкімінің аппаратына қарасты мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Самат Әжіғабылов орындаушылық тәртіп бойынша есеп беріп, мемлекеттік тапсырмалардың орындалу деңгейін талдады.
Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барлық сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін ерекше атап өтті.





