Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау аясында уақыт капсуласын салу рәсімі өтті

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау аясында уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.Бұл туралы Pressa24.kz тілшісі хабарлайды.

Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев және ауылдың ақсақалдары мен құрметті тұрғындары қатысты.

Аталған мектептің құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында Үкіметпен мақұлданған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі. Бұл жоба мемлекеттің активтерді қайтару жұмыстарының нақты нәтижесін көрсетіп, халыққа пайдасын тигізуде.

Нұралхан Көшеров: «Салтанатты рәсімнің мақсаты – Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтерді ел игілігіне пайдалану. Мектептің құрылысын бастау – мемлекет активтерін халықтың игілігіне айналдырудағы бірден-бір нақты қадам болып табылады. Бұл жоба басқа да әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жаңғыртуларды қаржыландырудың үлгісі болар.»

Бұған дейін ауылда 1974 жылы салынған және қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған музыкалық мектеп жұмыс істеген болатын. Жаңа мектептің құрылысына 890 млн теңге бөлініп, ол 300 оқушыға арналған болады. Мектеп көршілес ауылдардан да оқушылар қабылдайды.

Қазіргі таңда мемлекет пайдасына жалпы сомасы 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылған. Оның ішінде 506 млрд теңге ақшалай қаражат, 103 млрд теңге мүлік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді.

Жобалар елді мекендерді дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің бір бөлігі болып табылады және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін маңызды инфрақұрылымды жаңғыртуға серпін береді. «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның жүзеге асуы «Заң мен Тәртіп» қағидатымен үйлесімде жүріп жатыр.