ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ТАҒЫ БІР БІЛІМ ОШАҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Келес ауданының Абай ауылында бой көтерген 600 орындық №65 жалпы орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу ордасының ашылуымен құттықтады.

Нұралхан Көшеров өз сөзінде «Келешек мектептері» жобасы – еліміздің білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін маңызды бастама екенін атап өтті.
– Бүгін Келес ауданындағы игі істердің тағы біріне куә болып отырмыз. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жоба – ел ертеңіне салынған сенімді инвестиция. Республика бойынша жоспарланған 217 мектептің 29-ы Түркістан өңірінде салынып жатыр. Өткен жылы 13 мектеп ашылса, биыл тағы 16 нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Ал Келес ауданында бұл – үшінші жаңа мектеп. Мұндай игі қадамдар жас ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың жарқын болашағына жол ашады, – деді өңір басшысы.

Жаңа мектеп заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді. Мұнда кең спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, коворкинг аймақтары, шеберханалар мен зертханалар, асхана және мәдениет залы бар. Сонымен қатар, оқушылардың денсаулығын нығайтуға арналған ашық футбол алаңы да салынған.

Мектеп ғимаратын аралап көрген ата-аналар мен оқушылар нысанның кеңдігі мен ыңғайлылығына жоғары баға берді. Облыс әкімі жас буынмен кездесіп, оларды үздік оқуға және елдің болашағына өз үлесін қосуға шақырды.

Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 29 «Келешек мектебі» бой көтеруде. Оның 13-і өткен жылы іске қосылса, биыл 10-нан астамы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп оқушыларды қабылдайтын болады.