ТҮРКІСТАНДА «САЛАУАТТЫ САНА» ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – қоғамдағы әлеуметтік кеселдердің алдын алуға бағытталған «Салауатты сана» жобасын жүзеге асыру мәселесі болды.
Жоба аясында нашақорлық пен құмар ойынға тәуелділіктің (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, вандализм мен қоғам мүлкіне немқұрайды қараудың алдын алу көзделген. Сонымен бірге ысырапшылдық пен жауапсыздыққа қарсы тәрбиелік мәдениетті қалыптастыру да басты бағыттардың бірі болып табылады.
Жиында қатысушылар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, рухани жаңғыру идеяларын қолдау және ұрпақ тәрбиесінде отбасының рөлін күшейту жөнінде ой бөлісті.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айтқан үндеуі ерекше назарға алынды. Президент өз сөзінде Ассамблеяның нашақорлық, лудомания және тұрмыстық зорлық сияқты әлеуметтік дерттермен күрестегі маңызды миссиясын атап өтіп, қоғамды бірлесе әрекет етуге шақырған болатын.
Мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай, облыстық полиция және денсаулық сақтау департаменттерінің өкілдері, білім саласының мамандары, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері қатысты.
Кездесуде қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастар мен отбасылар арасындағы тәрбиелік жұмыстарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты. Баяндамаларда мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайту, ерте жастағы тәуелділіктің алдын алу және қоғамдағы аналардың белсенділігін арттыру мәселелері қозғалды.
Жиын соңында Баян Ахатай Аналар кеңесінің қоғамдағы рөлін күшейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Салауатты сана» жобасы – ұлттың рухани жаңғыруына және жас буынның саналы дамуына бағытталған нақты іс-шаралар кешені.





