ӨЗБЕКСТАННАН ТҮРКІСТАНҒА КЕЛЕТІН ТУРИСТЕР ҚАТАРЫ ЕКІ ЕСЕ ӨСКЕН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары жалғасуда. Сапардың басты мақсаты – туризм саласында екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейту, жаңа жобаларды талқылау және тәжірибе алмасу. Делегация құрамында облыстық туризм басқармасы өкілдері, туристік фирмалар жетекшілері, қонақ үй иелері мен салалық кәсіпкерлер бар.
Ташкент қаласында өткен кездесуде Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі жанындағы Туризм комитетінің төрағасы Умид Шадиевпен және өзбекстандық туристік компаниялардың басшыларымен келіссөз жүргізді.
– Біз Өзбекстанмен туризм саласында берік әрі өзара тиімді серіктестік орнатуға ниеттіміз. Бірлескен жобаларды іске асырып, туристік бағыттарды дамыту арқылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтамыз. Бұл – елдеріміздің өзара сеніміне және экономикалық өсімге негізделген ортақ көпір болмақ, – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында тараптар аймақаралық ынтымақтастықты күшейту, трансшекаралық туристік бағыттарды кеңейту және инвестициялық жобаларды бірлесе дамыту мәселелерін талқылады. Түркістандық туризм саласының өкілдері өңірдің мәдени, тарихи және табиғи нысандарын таныстырып, Өзбекстан тарапымен ақпарат және ұсыныстар алмасты.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетеді (2024 жылдың 9 айында – 733 мың адам). Оның ішінде Өзбекстаннан келген туристер саны екі есеге артып, 26 мыңнан асты. Мұндай нәтижеге «Жібек Жолы» халықаралық туристік пойызы және шекаралас аймақтар арасындағы ынтымақтастық жобалары оң ықпал етті.
Түркістан облысы бүгінде Орта Азия кеңістігіндегі туризмнің жаңа орталығына айналып келеді. Аймаққа инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және тарихи бағыттарды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.





