Түркістан облысында газ тапшылығын болдырмау шаралары күшейтілді

Түркістан өңірінде сұйытылған газдың жеткізілуі мен бағасына қатысты соңғы күндері туындаған жағдайға байланысты жергілікті билік нақты шараларды қолға алды. Облыс әкімінің тапсырмасымен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өңірдегі газ нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде.

Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, аудандардағы әкімдіктер мен коммуналдық бөлімдерге алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеу және бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау жөнінде нақты нұсқаулар берілген. Газ өндіретін зауытпен келіссөздер жүргізіліп, өнімнің дер кезінде жөнелтілуі қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ теміржол арқылы тасымалдау кестесін реттеу үшін тасымалдаушы компаниялармен тығыз байланыс орнатылған.

Жағдайды жіті бақылауда ұстау мақсатында құқық қорғау органдары да іске тартылды. Олар нарықтағы алыпсатарлық әрекеттер мен заңсыз баға белгілеу деректерін анықтап, алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, сұйытылған газ нарығындағы ахуал күн сайын мониторингтен өтеді. Мамандар тапшылықтың алдын алып, өңірде тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тетіктерді іске қосқан.

Басқарма өкілдері тұрғындарға дүрлігудің қажеті жоқ екенін айтып, жағдайдың үнемі бақылауда екенін мәлімдеді.