Түркістан мен Хорезм туризмді дамытуда күш біріктіреді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Өзбекстанға сапары жалғасуда. Сапардың басты мақсаты – аймақаралық әріптестікті кеңейту, туризм саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу. Делегация мүшелері Хорезм облысына барып, облыс хокимі Журабек Рахимовпен кездесті. Кездесуде екі өңір арасындағы тарихи және мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселесі талқыланды.
Нұралхан Көшеров Түркістан мен Хорезмнің тарихи тамыры тереңде жатқанын атап өтті.
– Бұл екі аймақты ортақ өркениет, бай мұра мен ұқсас мәдениет біріктіреді. Ежелгі Жібек жолы біздің халықтарды ғасырлар бойы байланыстырып келген. Түркістан облысы да, Хорезм де рухани туризмнің орталығы саналады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жыл сайын миллионнан астам адам зиярат етеді. Өңірде 1800-ге жуық тарихи және мәдени ескерткіш бар, сонымен қатар ЮНЕСКО тізіміне енген табиғи қорықтар орналасқан, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Түркістан халықаралық әуежайы жыл сайын үш миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Әуе қатынасын дамыту мақсатында аймақ жеңілдетілген бағдарлама әзірлеп, Орталық Азияның ежелгі екі орталығы – Түркістан мен Хиуаны байланыстыратын тұрақты әуе бағытын іске қосу жоспарда бар. Бұл бағыт трансшекаралық туризмнің дамуына жаңа серпін береді.
Кездесуде тараптар бірлескен туристік бағыт қалыптастыру, мәдени және қолөнер күндерін өткізу, көліктік байланысты нығайту және өңірлік брендтерді халықаралық деңгейде ілгерілету жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ, туризм саласындағы тәжірибе алмасуды күшейтіп, мәдени байланыстарды дамыту мәселесі қозғалды.
Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимов өз кезегінде Нұралхан Көшеров бастаған делегацияға ризашылығын білдіріп, екі аймақ арасындағы ынтымақтастықтың нығаятынына сенім артты. Ол бірлескен жобалардың туризммен қатар, басқа да салаларға серпін беретінін айтты.
Түркістандық делегация Хорезмнің туристік нысандарымен, инфрақұрылымымен танысып, жергілікті туроператорлармен келіссөздер өткізді. Кездесу соңында тараптар туризмді дамыту және мәдени ынтымақтастықты кеңейту жөнінде уағдаласты.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Түркістан облысына 830 мың турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық көрсеткіш.





