Отырар, Мақтаарал және Жетісай мәслихаттары ашық форматта есеп берді

Түркістан облысында «AMANAT» партиясы аудандық мәслихат төрағаларының есеп беру және сайлауалды уәделердің орындалу барысы бойынша брифингтерін өткізді. Отырыстар қоғам мен билік арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде ұйымдастырылып, тұрғындарға депутаттардың атқарған жұмыстары мен жоспарлары жайлы толық ақпарат берді.
Отырар аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов 50 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның негізгі экономикалық саласы – ауыл шаруашылығы екенін атап өтті. Биыл 55 917 гектар жерге егін егіліп, 432 298 тонна өнім жиналды. Депутат өз баяндамасында аудандық және ауылдық округтердің бюджетін қарау, комиссия отырыстары мен 208 депутаттық сауал жолданғанын жеткізді. Тұрғындар тарапынан ауыз және ағын су, жолдарды жөндеу, білім мен денсаулық салалары, жарықтандыру және шыбын-шіркейге қарсы күрес мәселелері жиі көтерілген. Демеушілер көмегімен 70 әлеуметтік осал отбасыға 4,9 млн теңге көлемінде көмек көрсетіліп, 200-ге жуық оқушыға мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешек берілген.
Жетісай аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей ықпал ететінін атап өтті. Биыл 6 сессия өтіп, 44 шешім қабылданған, 80 депутаттық сауалдың 95 пайызы орындалған. Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдарында 67 кездесу өткізіліп, жергілікті мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізілген.
Мақтаарал аудандық мәслихатындағы тұрақты комиссия төрағасы Қалмырза Бейсенбаев аудандағы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды баяндап, 18 депутаттың 15-і «AMANAT» партиясының мүшесі екенін, 5 сессияда 27 шешім қабылданғанын жеткізді. Бюджет көлемі 16,6 млрд теңгеге жетіп, 110 депутаттық сауал жолданған. Сайлауалды бағдарламаның 46 іс-шарасының 23-і орындалған.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Отырар ауданындағы мақта кластері, мәдени туризмді дамыту, Сырдария суының тапшылығы мәселелері, сондай-ақ Жетісай мен Мақтаарал аудандарында ауыз және ағын су, жер мәселелері, шетелдік инвесторлар және жастардың жұмыспен қамтылуы сияқты өзекті сұрақтарға нақты жауап алды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген ашық есеп беру брифингтері жергілікті өкілді органдардың жұмысын жария ету, халықпен кері байланыс орнату және саяси мәдениетті көтеру жолында маңызды қадам болды.





