ТҮРКІСТАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 186 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

 

Түркістан облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен аптада өңір бойынша 190 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Акцияға 40 мыңнан астам тұрғын қатысып, нәтижесінде 186 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл жұмыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді және әрбір елді мекенде тазалық пен экологиялық тәртіпті сақтау бақылауға алынған.

Сонымен қатар өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі тиімді іске асырылып жатыр. Аталған жүйе арқылы бүгінге дейін 3 354 өтінім қабылданған. Оның 3 346-сы толық орындалып, 8 өтінім бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қоғамдық орындардағы санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға қатысты да нақты шаралар қабылданған. Жыл басынан бері 25 810 әкімшілік хаттама толтырылып, 551,2 миллион теңге айыппұл салынған. Оның 304,9 миллионы өндіріліп, бюджетке аударылды.

Жергілікті билік пен экологиялық қызметтер апта сайын аудандар мен қалалар аумағында заңсыз қоқыс тастау орындарын анықтау және жою бойынша мониторинг жүргізіп келеді.