КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының Келес ауданында елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асуда.

Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев жергілікті БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Келестегі ауыз су жүйелерін дамыту барысын баяндады. Оның айтуынша, бүгінде аудандағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл жалпы тұрғындардың шамамен 77 пайызы.

Қалған 19 елді мекеннің 15-інде су тарту құрылысы белсенді жүріп жатыр, ал 4 ауыл — экономикалық тұрғыда тиімсіз саналатын елді мекендер қатарына енгізілген. Жалпы сомасы 10,4 миллиард теңгеге бағаланған жобалар аясында 12 ауылда ауыз су жүйелері жүргізілуде.

— Бұл тізімде Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Кеңдала, Көгерту, Ақжар, Қосөткел және тағы басқа ауылдар бар. Құрылыстың сапасы басты назарда тұр, — деді әкімнің орынбасары.

Қазірдің өзінде Кеңдала, Ақжар, Көгерту және Оңтүстік ауылдарында негізгі құрылыс аяқталып, жүйелерді тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ескіқорған және Құйған ауылдарында абаттандыру және соңғы әрлеу жұмыстары атқарылуда.

Жалпы алғанда, Келес ауданында 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2,6 шақырым терең ұңғыма қазылған. Бұл мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр.

Алайда кейбір ауылдарда жер асты суларының азаюы мен ұңғымалардағы құм басу сияқты мәселелер кездеседі. Осыған байланысты 2025–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, оның аясында жаңа ұңғымалар салу, ескі желілерді қайта жаңарту, суды автоматтандырылған жүйеге көшіру және тұрғындар арасында суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілмек.