Шымкентте 1 мамырдан бастап «Tөлем» жүйесі тоқтайды

Шымкент қаласында 2025 жылдың 1 мамырынан бастап қоғамдық көліктерде «Tөлем» жүйесі ресми түрде жұмысын тоқтатады. Бұл шешім жүйе операторы «Qaz SmartTrans» ЖШС-нің өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты қабылданды. Нәтижесінде, қала әкімдігі компаниямен жасалған келісімді біржақты тәртіппен бұзды.
Енді шымкенттіктер жол ақысын жаңа «Avtobys» платформасы арқылы төлейтін болады. Бұл жүйе бүгінде толық іске қосылған және бірнеше төлем әдісін ұсынады: көлік карталарын пайдалану, смартфонмен QR-код сканерлеу, Visa, MasterCard, American Express және UniPay банктік карталары арқылы төлеу, сондай-ақ «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы төлем жасау.
Жаңа тәртіпті бақылау үшін арнайы ревизиялық қызмет те құрылды. Бұл жаңашылдықтар қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартып, цифрлық төлемдердің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтардан төлем жүйесіндегі өзгерістерге түсіністікпен қарап, алдын ала дайын болуды сұрайды.