ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ ҚАРАМҰРТ АУЫЛЫНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 

Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында жаңа жедел жәрдем бекеті ашылып, жергілікті тұрғындар үшін шұғыл медициналық қызметтің қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Бұл нысан Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қолға алынған медициналық инфрақұрылымды күшейту жұмыстарының нақты нәтижесі болып отыр.

Ашылу рәсіміне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Мадияр Оразалиев, медициналық қызметкерлер және ауыл тұрғындары қатысты. Нысан үнемделген қаражат есебінен күрделі жөндеуден өткізіліп, толықтай жаңартылды.

Қарамұрт ауылында бүгінде 17 мыңнан астам халық тұрады. Жаңа бекеттің іске қосылуы ауыл үшін үлкен жеңілдік болды. Мұнда тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін екі жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ ауылға жаңа екі жедел жәрдем көлігі беріліп, бригадалардың жұмыс қабілетін арттырды. Қазіргі таңда бекетте 36 қызметкер тұрақты жұмыс істейді.

Жедел жәрдем бекетінің құрылысы 2025 жылдың тамыз айында басталып, белгіленген мерзімнен бұрын толық аяқталды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан медициналық көмектің көрсетілу жылдамдығы мен сапасын жақсартуға едәуір ықпал етпек.

Ашылу барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев ауыл халқына арнаған құттықтау сөзінде медициналық қызметтің сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті. Ол жаңа бекеттің ауыл тұрғындары үшін маңызды екенін айтып, халықтың саулығы басты құндылық екенін жеткізді.

Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев те жиналғандарға ізгі тілегін білдіріп, бұл нысанның маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа бекет фельдшерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға және шұғыл қызметтің тиімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Әкім ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін жоғары бағалап, нысан аумағын асфальттауға өздері атсалысқанын ерекше атап өтті.

Жаңа жедел жәрдем бекетінің ашылуы Қарамұрт ауылындағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған игі бастамалардың бірі болды.