ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ РЕСМИ ТҮРДЕ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Киелітас ауылдық округінде жаңа заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды. Нысанның іргетасына уақыт капсуласы қойылып, алғашқы қазығы қағылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, «Шымкентцемент» компаниясының бас директоры Иван Пак, аудандық мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл жоба аймақтың спорттық инфрақұрылымын дамытуға серпін беретін маңызды бастама болып отыр.

Жаңа спорт кешені тек спорт нысаны ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға және дарынды спортшыларды тәрбиелеуге ықпал ететін әлеуметтік маңызы жоғары орталық ретінде қарастырылуда. Аудан басшылығының айтуынша, мұндай нысандардың салынуы ауыл жастарының үлкен спортқа жол ашуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдімекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов өз сөзінде спорт кешенінің маңыздылығына тоқталып: «Біз бүгін бір ғана ғимараттың құрылысын бастап тұрған жоқпыз. Бұл – болашаққа деген сенімнің, жастарға қамқорлықтың, ұрпаққа қалатын аманаттың көрінісі. Мұндай нысандар елдің ертеңіне инвестиция болып саналады» деп атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектордың бірлескен жұмысы аудандағы әлеуметтік жобалардың нәтижелі жүзеге асуына жол ашып отыр.

Салынып жатқан спорт кешенінің сыйымдылығы 150–200 адамға арналған. Жалпы аумағы 1203 шаршы метрді құрайтын ғимаратта футбол, мини-футбол, күрес, бокс, баскетбол, волейболға арналған залдар қарастырылған. Сонымен бірге, жаттығу және фитнес залдары да халық игілігіне ұсынылмақ. Кешеннің сыртында 800 шаршы метрлік ашық футбол алаңы салынады. Бұл ауыл спортын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жоба аудан әкімдігі, «Шымкентцемент» компаниясы және «Киелі Қазығұрт» мекемесі арасында жасалған үш жақты меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр. Мұндай ынтымақтастық үлгісі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін көрсетеді. Нысан құрылысының басталуы – ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Себебі спорт инфрақұрылымын дамыту өңірдің болашағына тікелей ықпал етеді.

Төле би ауданында бұқаралық спорт жылдан жылға дамып келеді. Бүгінде 51 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Оларға 225 спорт нысаны қызмет көрсетіп отыр. Жаңа кешеннің ашылуы бұл көрсеткішті одан әрі арттырып, ауылдық жерлердегі спортты қолдау бағытындағы жұмыстарға тың серпін беретіні сөзсіз.