АРЫСТА ТҰРҒЫНДАР СҰРАНЫСЫ НЕГІЗІНДЕ 16 ЖАҢА АЯЛДАМА ОРНАТЫЛДЫ, ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРҒА ТӨРТ БАҒДАРШАМ ҚОЙЫЛЫП ЖАТЫР

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың халықпен өткен есептік кездесуінде биылғы жылы басты назар қала инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындар көтерген мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталатыны айтылды. Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері ауылдық округтер мен қала ішіндегі кездесулерде айтылған барлық ұсыныстар жинақталып, нақты жоспарға енгізілген. Жобалар бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Тұрғындар арасында жиі көтерілген мәселелердің бірі – жол қауіпсіздігін күшейту және бағдаршамдар санын арттыру. Осы бағытта қала әкімдігі арнайы талдау жүргізіп, қауіптілігі жоғары учаскелерді анықтаған. Әкім Қайсар Маңқараев: «Жыл басында бағдаршам орнату жөнінде көптеген өтініш келіп түсті. Біз жағдайды зерттеп, нақты орындарды белгіледік. Қазір орнату жұмыстары басталып кетті», – деп мәлімдеді.

Биыл Арыста төрт жаңа нүктеге бағдаршам қою жоспарланған. Оның алғашқысы Ақдала ауылдық округінің бұрылысына орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл бұрылыс жылдар бойы қауіпті аймақ ретінде белгілі болып келген. Екінші бағдаршам — жуырда ашылған «Келешек» мектебінің бұрылысына қойылуда. Қалған екі нүкте — қала ішіндегі Төле би мен Оспан Байдәулетов көшелерінің қиылысы және Сырдария елді мекеніндегі Азизаев пен Мақатаев көшелерінің қиылысы. Бұл нысандардың іске қосылуы көлік қозғалысын реттеп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.

Сонымен қатар қала тұрғындарының сұранысына сәйкес биыл Арыстың 16 жеріне жаңа заманауи аялдамалар орнатылды. Жаңартылған аялдамалар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдық көлік күтуге қолайлы жағдай жасайды. Бұл қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолында қолға алынған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да инфрақұрылымды жетілдіру, жол қауіпсіздігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.