ТҮРКІСТАНДА ІШКІ САЯСАТТЫ ЖҮЙЕЛЕЙТІН ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістанда елдегі ішкі саясаттың жаңа бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат қоғамдық талқылаудан өтті. Бұл басқосу Президент бастамасымен қабылданған «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты тарихи Жарлықтың маңызын түсіндіруге арналды. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында мақұлданған бұл құжат – егемендік алғаннан бергі ішкі саясат жүйесін кешенді түрде реттейтін алғашқы тұжырымдамалық база.
Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ішкі саясат басқармасының мамандарымен, зиялы қауым өкілдерімен және жастармен жүздесіп, құжаттың мазмұны мен маңызын жан-жақты саралады. Ертай Кенжебекұлы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау, елдік ұстанымды күшейту сияқты бағыттардың құжатта айқын көрініс тапқанын атап өтті.
Кездесу барысында стратегиялық құжатты әзірлеуге атсалысқан азаматтар да марапатталды. Атап айтқанда, Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Бөріхан Жолбарысұлына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Алғыс хаты табысталды. Бұл марапат оның ішкі саясат саласындағы тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуге қосқан елеулі еңбегіне берілді.
📌– Халықтың бірлігі, ұлттық сананың дамуы және қоғамдық келісім – ішкі саясаттағы маңызды бағыттардың бірі. Осы тұжырымдаманы дайындау кезінде жоғары кәсіби деңгей көрсеткен азаматтар еліміздің стратегиялық ұстанымын қалыптастыруға зор үлес қосты. Бұл құжат алдағы жұмыстың негізгі бағдарына айналады, – деді Ертай Алтаев.
Жиын соңында Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төраға орынбасары Қыдырәлі Рысбеков батасын беріп, елдің ынтымағы мен бірлігі жолындағы бастамалардың баянды болуын тіледі. Ал Бөріхан Жолбарысұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, жаңа тұжырымдама елді біріктіруге, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға қызмет ететінін айтты.
Жаңа стратегиялық құжат ең алдымен мемлекеттік органдар жұмысының бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда қоғамдық диалогты дамыту, этносаралық қарым-қатынасты нығайту, діни саясатты жетілдіру, ақпараттық кеңістікті сауатты жүргізу, жастар мен отбасы институтын қолдау, гуманитарлық саладағы басымдықтарды нақтылау сияқты негізгі бағыттар белгіленген. Тұжырымдама алдағы жылдары ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізгі арқауына айналмақ.





