АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ: МӘЖІЛІСТЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

Бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округ әкімдері және бөлім басшылары қатысты. Мәжіліс барысында күн тәртібінде 7 маңызды мәселе қаралып, олардың әрқайсысы бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Бірінші мәселе ретінде күзгі әскерге шақыру барысы қаралды. Бұл кезеңде әскери шақырылымдағы азаматтардың толық тізімі анықталып, олардың медициналық тексеруден өту, тіркелу және әскерге шығу процедуралары жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі барлық жауапты бөлімдерге тапсырмалардың мерзімінде және сапалы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Екінші мәселе ретінде 2025 жылға арналған рейтингтік бағалау көрсеткіштері қаралды. Жиында 10 айдың қорытындысы талқыланып, 11 айдың болжамды орындалуы бағаланды. Әкім әр бөлімнің көрсеткіштерін нақтылап, жетіспеушіліктерді түзету жолдарын айтты. Бағалау нәтижелері негізінде келесі кезеңдегі жоспарларды тиімді ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.
Үшінші мәселе бойынша аудан аумағында күзгі ағаш отырғызу және елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары қаралды. Аудан әкімі еккен ағаштар мен жасыл желекті күтіп-баптау, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындау міндетін жүктеді. Сонымен қатар газбен қамтамасыз ету жобасының іске асырылу барысына ерекше назар аударылды.
Төртінші мәселе ретінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің және 109 бірыңғай байланыс орталығына түскен өтініштердің орындалуы талқыланды. Жиында әр бөлімге түскен өтініштердің уақтылы қаралуы мен тұрғындардың құқықтық қызметтерге қол жеткізу сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Бесінші мәселе — аудан әкімінің хаттамалық тапсырмасының орындалуы. Әкім әр тапсырманың орындалу барысын жан-жақты қарап, жауапты сала басшыларына толық есеп беруді міндеттеді. Бұл шара ауданның басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталды.
Алтыншы мәселе тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындардың (полигондардың) жағдайы туралы болды. Мәжілісте полигондардың санитарлық талаптарға сәйкестігі, қоқыс жинау және оны уақытылы тасымалдау мәселелері қаралып, арнайы техникаларды пайдалану арқылы тазалықты қамтамасыз ету жолдары талқыланды.
Жетінші, соңғы мәселе ретінде ауданға инвестиция тарту барысы қаралды. Аудан әкімі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жағдайын, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін жан-жақты талқылады. Жиын барысында инвестициялық климатты жақсарту үшін нақты іс-шаралар мен тапсырмалар белгіленді.
Мәжілістің қорытындысында Азизхан Исмаилов барлық бөлім басшылары мен ауыл округ әкімдеріне нақты жоспар әзірлеу, тапсырмаларды уақытылы орындауды қамтамасыз ету және жұмыстың сапасына бақылауды күшейту жөнінде нұсқаулар берді. Аудан басшысы атап өткендей, әрбір тапсырма мен жоба тұрғындар игілігіне бағытталып, өңірдің дамуына нақты үлес қосуы тиіс.





