ТҮРКІСТАНДЫҚ СУРДОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Жапонияның Токио қаласында өткен ХХV Жазғы Сурдолимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, ел намысын асқақтатты. Әсіресе Түркістан облысынан барған спортшылардың жоғары нәтижелері Қазақстан спортының халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті.

Бұл жолғы жарыста түркістандық екі спортшы – Қуандық Шадияр мен Тоқтарбек Айдарбек ерекше көзге түсті. 73 келі салмақ дәрежесінде белдескен Қуандық Шадияр қарсыластарының барлығын сенімді жеңіп, Сурдолимпиада чемпионы атанды. Финалға дейінгі жолда ол техникалық шеберлігімен әрі мінсіз тактикасымен ерекшеленіп, төрешілердің де, жанкүйерлердің де жоғары бағасын алды. Қорытынды белдесуде де айқын басымдық танытып, еліміздің көк байрағын көкте желбіретті.

Ал 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Тоқтарбек Айдарбек те жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Ол жарыс барысында бірқатар тәжірибелі қарсыластарын тізе бүктіріп, финалға дейін жетті. Шешуші кездесу қызу тартыспен өтті. Айдарбек соңғы сәтке дейін күресті, дегенмен қарсыласына есе жіберіп, күміс медаль иеленді. Бұл нәтиже де Қазақстан командасы үшін зор жетістік саналады.

Сурдолимпиадада топ жарған қос спортшыны Түркістан халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды. Әуежайға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спортшылардың ата-аналары, бапкерлері, жанкүйерлер мен спорт қауымдастығының өкілдері жиналып, чемпиондарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Әуежай фойесінде гүл шоқтары табысталып, спортшыларға құрмет көрсетілді.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөзінде Түркістан облысының атынан ризашылығын білдіріп, спортшылардың жетістігін ел мақтанышы ретінде атап өтті.

Ел абыройын асқақтатып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық аренада желбіреткен талантты спортшыларды қарсы алып отырмыз. Қуандық Шадияр мен Тоқтарбек Айдарбек – тек Түркістан өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Олар Сурдолимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, қазақ спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жас буынға жігер беретін осындай жеңістер көп болсын, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жерлестерін қуанышпен қарсы алған бапкерлер де шәкірттерінің еңбегін ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, Сурдолимпиада жолындағы дайындық кезеңі өте күрделі болғанымен, спортшылар табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында биік нәтижеге жеткен.

Айта кетейік, қос спортшы да облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының тәрбиеленушілері. Бұл мекеме соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі спортшыларды даярлауда айтарлықтай нәтижелер көрсетіп келеді. Тәжірибелі бапкерлердің еңбегі мен жүйелі дайындықтың арқасында клуб спортшылары халықаралық деңгейдегі жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болуда.

Сурдолимпиада ойындарынан жеңіспен оралған Қуандық Шадияр мен Тоқтарбек Айдарбек алдағы уақытта әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде ел намысын қорғауды жалғастыруға ниетті. Спортшылар өздеріне көрсетілген қолдау үшін облыс тұрғындарына және жанкүйерлерге алғысын білдірді.