ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН БАҒАЛАДЫ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс барысын тексерді. Сапар барысында ол аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге бірнеше маңызды нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен және жұмыс жүргізу қарқынымен танысты.

Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Шәмші Қалдаяқов гүлзары көшесінде орналасқан №3 жатақхана аумағында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Биыл жатақхананың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында №3а корпусындағы әжетханалар толық жөндеуден өткізіліп, тұрғындар үшін жаңа санитарлық жағдай жасалды. Сонымен қатар аумақты абаттандыру аясында жаңа қоқыс алаңы салынды.
Бұған қоса, көпқабатты үйлерге кәріз жүйесін тарту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жоба аясында әр пәтерге толыққанды кәріз желісі енгізіліп, жинақтаушы құбырлар ауыстырылуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Аталған нысан «Сарыағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансында.

Жұмыс сапары барысында Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш қаласындағы маңызды нысандардың бірі — «Қапланбек» кеден бекетінің жұмысымен де танысты. Бекеттің техникалық мүмкіндігін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және туристер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары кедендегі жолаушылар ағынын реттеу, автобустардың кезексіз өтуін қамтамасыз ету, сондай-ақ өткізу аймағындағы қызмет сапасын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

«Қапланбек» кеден бекеті 2022 жылдың желтоқсан айында қайта жаңғырту жұмыстары басталуына байланысты уақытша жабылған болатын. 2024 жылы күрделі жөндеу толық аяқталып, Қазақстан мен Өзбекстан бір мезгілде «Қапланбек» және «Навои» бекеттерін жаңғыртты. Соның нәтижесінде 2025 жылғы 5 ақпаннан бастап бекет қайта ашылып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жалғастырды.
Жаңартылған нысан халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді: мұнда заманауи техникалық құрылғылар орнатылып, екі бағыт бойынша 16 паспорттық бақылау кабинеті іске қосылды. Қозғалыс процесі толық автоматтандырылып, шекарадан өту жылдамдығы айтарлықтай артты.

Сапардың келесі нысаны — «Самал-3» шағынауданы. Бұл жерде ауыз сумен қамтамасыз ету жобасының орындалу барысы қаралды. Зұлпыхар Жолдасов құрылыс қарқынын бағалап, жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң сақтауды тапсырды.
2025 жылдың тамыз айында басталған жобаның жалпы ұзындығы 166 525 метрді құрайды. Қазіргі таңда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жобаның тапсырыс берушісі — ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, мердігер компания — «Сарыағаш-Аман» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «Бақ-Ерке строй» ЖШС жүзеге асыруда.

Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары нысандардағы жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы өңір тұрғындарының тұрмысын жақсартатынын атап өтіп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.