Мақтааралда Республика күні мен «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

25 қазан — Республика күні мен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Мақтаарал ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.

Шараға ауданның барлық ауылдық округтері, мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер мен тұрғындар белсенді қатысты. Жалпы 3 500-ден астам адам атсалысып, А-15 республикалық автомобиль жолының 20 шақырымы тазартылды, жол жиегіндегі және елді мекен маңындағы күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар арнайы техника арқылы шығарылды. Сенбілік барысында 18 дана ауыр техника жұмылдырылып, барлығы 25 тоннаға жуық қоқыс полигондарға тасымалданды.

Сонымен қатар, аудан аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына ерекше мән берілді. Осы кезеңде 500-ден астам декоративті арша ағашы отырғызылып, көшелер мен саябақтардың көркі жаңарды.

Аудан әкімдігі мұндай шаралардың тұрғындардың туған жеріне деген жауапкершілік сезімін арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосатынын атап өтті. Алдағы уақытта да ауданда тазалық пен экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.