Мақтааралда «Жұмысшы жас – көшбасшы» форумы өтті

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Мақтаарал ауданында жастардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру мақсатында «Жұмысшы жас – көшбасшы» форумы ұйымдастырылды. Іс-шараны «Жастар ресурстық орталығы», аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық мансап орталығы және ауданға қарасты 14 колледж бірлесе өткізді.
Форумның басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын түсіндіру, еңбек адамының беделін арттыру және жас буынды адал еңбекке баулу.
Форумға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов жастармен ашық сұхбат өткізді. Ол еңбек адамының қоғамдағы орны мен ел дамуына қосар үлесін атап өтіп:
«Әрбір жас өз ісін сүйіп, кәсібінің нағыз шебері болуға ұмтылуы тиіс» – деді.
Іс-шара барысында аудан колледждері оқытатын жұмысшы мамандықтар таныстырылып, білім алушылардың кәсіби дайындығы мен инновациялық жобалары көрсетілді. Мектеп бітіруші түлектер өздеріне болашақ мамандықты таңдау бойынша кеңес алып, еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер мен дуальды білім беру жүйесі туралы ақпарат алды.
Форум жас буынды кәсіби тұрғыда бағыттап, еңбекке деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті. Бұл шара – болашақта ел дамуына өз үлесін қосатын, кәсібінің нағыз шебері болатын жастардың қалыптасуына маңызды бастама болды.





