Мақтааралдың кітапханашылары – облыс бойынша үздік

Түркістан қаласында өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің жылдық қорытынды жиынында облыстың үздік мәдениет ұйымдары мен қызметкерлері марапатталды. 400-ге жуық кітапхананың арасынан Мақтаарал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Үздік аудандық кітапхана – 2025» атағына ие болды.
Салтанатты жиында марапатты Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев табыстады. Ол кітапхана ұжымының еңбегін жоғары бағалап:
«Бұл марапат – ұжымның кәсіби шеберлігінің және қоғамның мәдени-рухани дамуына қосқан зор үлесінің нәтижесі» – деді.
Сонымен қатар жеке деңгейде де бірнеше қызметкер марапатталды:
- Әзімхан Бибосынов – ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет грамотасы»;
- Жайсан Мусалина және Гүлнар Бекманова – «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі;
- Жанат Сапарқызы – Түркістан облысының әкімі атынан «Құрмет грамотасы».
Ауылдық деңгейде де үздіктер назардан тыс қалмады. Достық ауылдық кітапханасы «Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» номинациясын жеңіп алды.
Мақтаарал кітапханашыларының бұл жетістігі – ұзақ жылдар бойғы жүйелі еңбек, оқырманмен тығыз байланыс және цифрлық кітапхана бағытындағы жаңашыл бастамалардың нәтижесі. Ұжым алдағы уақытта да оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп, рухани қазынаны насихаттауды жалғастырады.





